АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД) туралы не білеміз?
АИТВ — адамның иммундық тапшылық вирусы, ХХ ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап танымал. АИТВ ағзаға түскен кезде біздің аурудан және жұқпадан қорғайтын иммундық жүйені бұзады. Уақыт өте келе АИТВ-мен жұқпаланған адам жиі ауыратын болады. ЖИТС диагнозы (жұқтырылған иммундық тапшылық синдромы) жұқпаланғаннан кейін әдетте бірнеше жыл өткесін қойылады.
ЖИТС –жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы, адамның иммундық жүйесінің бұзылуынан пайда болатын ауру. Иммундық тапшылық әсері салдарынан бір немесе бірнеше қауіпті аурулар дамуы мүмкін (пневмония, туберкулез, рак және т.б.), бұл аурулармен адам ағзасы күресе алмайды.
Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі.Бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай дал болудамыз. Солардың бірі –АИТВ /СПИД ауруы.
Бүгінгі таңда АИТВ жұқпасы дүние жүзінде соның ішінде Қазақстанда да өзекті мәселелердің қатарында болып отыр.
ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі бекітілді, онда АИТВ-инфекциясы және СПИД-ң алдын алу және емдеу мәселелері қосылған.
Инфекция көзі
Вирус жұққан адам — вирус тасымалдаушылар, ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан, әсіресе вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Көз жасында, жұлын сұйығында, сілекейде өте аз мөлшерде болуы мүмкін
ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:
- Жыныстық қатынас.
- Вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда);
- Анасынан нәрестеге жүғу арқылы.
ЖИТС (СПИД) ауруына көбінесе нашақорлар шалдығады.
Инфекцияның таралуын тоқтататын нәтижелі дәрілік құралдар мен вакцина таппағанша СПИД-тен қорғанудың ең тиімді тәсілі ол – адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырмау. АИТВ-ның жұғу жолдары өте жақсы зерттелген және біздің негізгі мақсатымыз – жаңа жұқтыруларды болдырмау, алдын алу болып табылады.
Ол үшін салауатты, әдепті өмір сүру және сақтық шараларын сақтау, яғни;
1.Кездейсоқ жыныстық қатынастан, жақындасудан сақ болу (жыныстық партнер көп болған сайын ЖИТС жұқтыру қаупі арта түседі. Жыныстық тәртіпсіздік, нашақорлық және жезөкшелік — ЖИТС вирусын жұқтыру кепілі);
2.Стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау;
3.Әсіресе тері, шырышты қабаттар зақымданған жағдайда бөтен біреудің
қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу;
4.Қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИТВ-ге тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялык нөмерін жазып алыңыз);
5.Маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару;
6.ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет.
АИТВ-ны қалай анықтауға болады?
Ағзада вирус бар жоғын жұқтырған соң 2 апта мен 3 ай аралығынан кейін қанның арнайы анализі (АИТВ жұқпасына антиденелерге тест) көмегімен анықтауға болады. Алғашқы кезеңде жұқтырған адам вирусты басқа адамдарға жұқтырып жүреді және адам өзінің ағзасында вирустың бар немесе жоқ екенін біле алмайды. Вирус иммунды жүйеге еніп өмір сүреді және көбейеді. Осының нәтижесінде иммунды жүйе жасушалары зақымданып олардың саны азаяды. Лимфоцит санының қысқарғанына қарай қорғаныш жүйесі нашарлайды және ағза басқа түрлі ауруларға қарсы тұру мүмкіндігін жоғалтады.
Анализ жасау үшін облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығына жүгініңіз!
Облыстағы ахуал
Атырауда АИТВ (адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы) жұқтырған 400 адам есепте тұр.
Дертке шалдыққандардың 284-і Атырау қаласында, 13-і Жылыой, 6-ы Индер, 1-Исатай, 2-і Қызылқоға, 7-і Құрманғазы, 2-і Мақат, 6-ы Махамбет ауданында анықталған. Ал осы жылдың басынан бері 32 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 14 жағдайға көп.